Қазақстанда қоғамдық орындарда ғана емес, интернетте де әдепсіз сөздер айтқан азаматтарға айыппұл салынуы мүмкін. Қазір осындай заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі кезде қоғамдық орындарда айтылған балағат сөз үшін 86 500 теңге көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Бектеновтың айтуынша, онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне өзгеріс енгізу туралы заң жобасы әзірленді. Соның аясында онлайн-платформалардағы балағат сөз үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу қарастырылған.
Олжас Бектеновтің мәліметінше, Әкімшілік кодексте балағат сөзге қатысты 434-бапқа қосымша тармақ енгізіледі. Заң жобасы осы айда парламенттің қарауына ұсынылады.
