Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан заңсыз төлем алған мыңдаған әйел жауапқа тартылып отыр. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінде қордан заңсыз әлеуметтік төлем алуға қатысты 38 қылмыстық іс қозғалып отыр. Барлық іс бойынша 1 мыңнан астам әйел жауапқа тартылып отыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, залалдың жалпы сомасы 3 млрд теңгені құрады, - деді Шегай мәжілістің бүгінгі отырысында.

Осы уақытқа дейін 9 қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығарылған болатын. Соның аясында заңсыз схемаларды ұйымдастырғандар сотталды.

Айта кетері, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бірнеше төлем беріледі. Соның ішінде жүктілік пен босану бойынша берілетін төлемдер бар. Ал заңсыз схемалар аясында әйелдерді жалған жұмысқа орналастырып, босанғаннан кейін әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу фактілері анықталды.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта заңсыз төлемдердің алдын алу үшін бақылау күшейтілген. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының жүйесіндегі олқылықтарды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Заңсыз схемаларға қатысқан азаматтар заң аясында жауапқа тартылады.