Қазақстанда әлеуметтік төлемдер жүйесіне өзгеріс енгізіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев үкімет отырысында жаңа тәсілдің негізгі басымдықтарын атап өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Министрдің айтуынша, атаулылық және мұқтаждық қағидаттарын енгізу негізгі жаңашылдық болады. «Негізгі басымдық санаттық тәсілден отбасының нақты мұқтаждығы мен әл-ауқат деңгейін кешенді әрі атаулы бағалауға ауысады. Бұл мемлекеттік ресурстарды неғұрлым әділ әрі тиімді бөлуге, мемлекеттік қолдауды шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана бағыттауға мүмкіндік береді», – деді Ертаев.

Қазіргі уақытта әрбір отбасының цифрлық картасы арқылы әл-ауқатын бағалау әдістемесі бар. Келесі кезең – eGov Mobile қосымшасында үй шаруашылықтарының цифрлық профильдерін қалыптастыру және банктермен, Қаржы министрлігімен, кредиттік бюролармен интеграциялау арқылы деректер құрамын кеңейту. «Бұл отбасылардың нақты табысын, шығысын және қаржылық жағдайын ескеруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.

Соның нәтижесінде әлеуметтік көмек тек мұқтаж отбасыларға ғана көрсетіледі. Жүйені одан әрі жетілдіру жұмыстары жалғасуда.