Келесі жылдан мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдердің көлемі де, мерзімі де өзгереді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қордан қандай төлемдер беріледі?

Бүгінде жұмыс істейтін қазақстандықтар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бірнеше жағдайда төлем ала алады:

  • 01бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі;
  • 02еңбекке қабілеттілігінен айырылу;
  • 03жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алу;
  • 04асыраушысынан айырылу;
  • 05жұмыссыз қалу.

Негізгі талапқа сәйкес, адам жұмыс істеп, қорға ай сайын кем дегенде екі жыл жарна аударып тұруы қажет.

Декреттік төлемдер қалай өзгереді?

Жаңа жылдан бастап бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша негізгі екі өзгеріс күшіне енеді.

Біріншіден, ер адамдар декретке шыға алады. Бірақ бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем берілмейді.

Екіншіден, декретке шыққан ана бала бір жарым жасқа толғанға дейін жұмысқа шықса, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тоқтатылмайды. Ол белгіленген мерзім аяқталғанға дейін төлене береді. Осылайша, әйелдерге жұмысқа қайта шығу мен әлеуметтік төлемді сақтап қалудың арасында таңдау жасамайды.

Төлем мерзімі қысқарады

Жаңа жылдан бастап қордан жұмыссыз қалу жағдайы бойынша берілетін әлеуметтік төлемдердің мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқартылады. Соның өзінде қорға аударылған жарналардың мерзіміне қарайды.

Мәселен, жарналар бір жыл ғана аударылса, жұмыссыз қалған адамға бір ай ғана төлем беріледі:

  • 01жарналар 6-12 ай түскен жағдайда – 1 ай;
  • 02жарналар 12-24 ай түскен жағдайда – 2 ай;
  • 03жарналар 24 айдан көп аударылса – 3 ай төленеді.

Осы уақыттың ішінде жұмыссыз қалған азаматтарға бос жұмыс орындары ұсынылып, тегін қайта оқыту және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру сияқты қолдау шаралары жасалады. Негізгі мақсат – адамның жәрдемақыға тәуелділігін ұзарту емес, оның өз табысын мүмкіндігінше жедел жақсартуына көмектесу.

Ал 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған әлеуметтік төлемдер бұрынғы тәртіппен беріледі.

Төлемнің шекті мөлшері болады

Келесі жылдан бастап жұмыссыз қалғандарға берілетін әлеуметтік төлемнің шекті мөлшері де болады. Министрдің бұйрығына сәйкес, бір төлем 7 ең төменгі жалақының 45 процентінен аспауы шарт. Бүгінде ең төменгі жалақының мөлшері – 85 000 теңге. Ал мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыз қалғаны үшін берілетін төлем 267 750 теңгеден аспайды.

Төлемді бір рет алғаннан кейін өтінішті тек бір жылдан кейін беруге болады.

Төлем қалай есептеледі?

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдерді есептеудің арнайы формуласы бар. Жұмыссыз қалған адамның жәрдемақысы былай есептеледі: Төлемнің сомасы = (соңғы екі жылдағы табыстың мөлшері) × кірісті ауыстыру коэффиценті (0,4) × әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу коэффиценті.

Мәселен, жұмысынан айырылған адамның соңғы екі жылда орташа жалақысы 175 000 теңге болды. Оны кірісті ауыстыру коэффицентіне (жұмыссыз қалған жағдайда 0,6-ке) көбейтеміз. 175 000 теңге × 0,4 = 70 000 теңге. Осы соманы әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу коэффицентіне (аударымдар екі жыл бойы үздіксіз түскен жағдайда 0,85-ке) көбейтеміз. 70 000 теңге × 0,85 = 59 500 теңге. Дәл осы ақша ай сайын жұмыссыз қалған адамға жәрдемақы ретінде төленеді.

Жұмыссыз адам қалай тіркеледі?

Бүгінде жұмыссыз адам ретінде тіркелу үшін электронды үкімет порталын пайдалануға болады:

  • 01eGov.kz порталында авторизация жасау;
  • 02"Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
  • 03онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық бағанды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет.

Бұдан бөлек, жұмыспен қамту орталығына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркелуге мүмкіндік бар.