Түркістан облысында Ecoculture-Eurasia жылыжай кешенінде өсірілген қызанақтардың алғашқы партиясы экспортқа шығарылды. Алайда нысан толығымен іске қосылған жоқ. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жоба қалай басталды

Осыдан тура жеті жыл бұрын Түркістан облысының әкімдігі, Қазақстанның даму банкі мен ресейлік "ЭКО-культура" агрохолдингі арасында келісімшартқа қол қойылған болатын. Сол кезде Келес ауданында жер телімі де бөлініп, электр желілері, газ бен су құбырына қосылуға рұқсат берілген.

Жылыжайдың ауданы

Жылыжайдың жалпы ауданы 500 гектар болады деп жоспарланған. Алайда қазіргі кезде құрылыстың бірінші кезеңі – 51 гектарды іске қосуға басымдық беріліп жатыр.

"Ал жылыжайды ары қарай кеңейту жұмысы инженерлік инфрақұрылымға тікелей байланысты. Нысанның қосымша ауданын газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілгеннен кейін жобаны дамытудың келесі кезеңіне көшуге болады", – дейді "ЭКО-культура" мамандары.

Жобаның құны қаншаға өсті

Бас кезінде жобаның құны 42 млрд теңге болған. Алайда сметаны нақтылау кезінде осы нысанға жұмсалатын қаржының жалпы көлемі 64,9 млрд теңгеге дейін өсті. Соның 50,8 млрд теңгесі Қазақстанның даму банкінен беріледі.

Толық іске қосу мерзімі

Sputnik Қазақстан әлемдегі ең үлкен жылыжайдың қайда салынғанын, ең бастысы, нысан қай кезде пайдалануға берілетінін білді. Жобаның толық іске қосылуы инженерлік инфрақұрылымның дайындығына, атап айтқанда газбен қамтамасыз ету мәселесінің шешілуіне байланысты. Қазіргі уақытта бірінші кезеңнің 51 гектары іске қосылған, ал қалған аумақтарды кеңейту жұмыстары жалғасуда.