Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған атышулы жол апатына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Прокурор айыпталушы Александр Пакты кінәлі деп танып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын. Мемлекеттік айыптаушының пікірінше, жүргізуші жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуі тиіс.
Александр Пакқа Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылған, мас күйінде көлік жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, жазадан жалтармайтынын мәлімдеді.
Сот үкімімен сотталушы Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ өмірбойына көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейді. Ал сотталушыны кешірмеймін деген марқұм Томирис Қадырбектің әкесіне 10 млн теңге өтемақы төлеу міндеттелді.
Еске сала кетейік, 21 наурызда Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында үш адамның өмірін жалмаған жол апаты болды. Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі дәл қаланың ортасында жоғары жылдамдықпен жүріп қарсы бағытта келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Қоғамда резонанс тудырған бұл оқиға салдарынан Алматы полиция департаментіне де тексеру жүргізіліп, бірнеше басшы қызметінен босады. Осы оқиғадан кейін Алматыға басқа аймақтан полиция жасақтары жіберілді.
Сот процесі кезінде марқұм болған үш адамның туыстары сотталушыға кешірім бергенін мәлімдеді. Алайда марқұм Томирис Қадырбектің әкесі соңғы сот отырыстарында сотталушыны кешірмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Александр Пакқа кешірімді Томиристің анасы, яғни экс-жұбайы берген. Марқұм Томирис Қадырбектің әкесі соңғы сот отырыстарында өзін жәбірленуші деп тану туралы талап-арыз берген. Талап-арызды кеш беру себебін ол моральдық жағдайының тұрақты болмауынан деп түсіндірді. Ер адам сотталушыдан 100 млн теңге моральдық өтемақы төлеуді талап еткен болатын.
