Бүгін Астанада «Әділет» партиясының III кезектен тыс съезі өтуде. Съезде делегаттар партияға мүшелік жарна мөлшерін бекітті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жұмыс істейтін азаматтар үшін ай сайынғы жарна 0,1 АЕК (432,5 теңге) мөлшерінде белгіленді. Студенттер үшін бұл көрсеткіш 0,01 АЕК (43,25 теңге) құрайды. Зейнеткерлер, мүгедектігі бар қазақстандықтар, бала күтімі бойынша демалыста жүрген ата-аналар, сондай-ақ мүгедек балалардың заңды өкілдері мүшелік жарна төлеуден толық босатылды.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясында мүшелік жарна жылына 0,1 АЕК құраған болатын.
Сонымен қатар, съезд қатысушылары Жарғының 40 ережесіне өзгерістер енгізді. Түзетулер үш блокқа топтастырылған. Бірінші блок – Жарғыны Қазақстанның жаңа Конституциясына және қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге бағытталған. Екінші блок – партияішілік басқару жүйесін жетілдіруді көздейді. Үшінші блок құжатты редакциялық және жүйелік тұрғыдан пысықтауға арналған.
Ұйымдастыру мәселелерін қарастырғаннан кейін делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын талқылауға және Құрылтайға депутаттыққа кандидаттардың партиялық тізімін бекітуге кірісті.
Бұған дейін «Курсив» AMANAT мүшелері «Әділетке» автоматты түрде ауыспайтынын жазған болатын.
