Астанада Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінің басты мәселесі «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін қарау және тіркеу болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Отырысқа партия басшылығы, Бас прокуратура, Қаржы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігінің өкілдері, ЕҚЫҰ ДИАҚБ бақылаушылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Бейнеконференция режимінде елдің барлық өңірлерінің аумақтық сайлау комиссиялары талқылауға қосылды.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның хабарлауынша, «Әділет» партиясы құжаттардың толық пакетін уақытылы ұсынған және барлық үміткерлер үшін сайлау жарнасын толық төлеген.
Бірлестіктің қорытынды тізіміне барлығы 186 адам енгізілді. Сонымен қатар, партия әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың өкілдігі үшін міндетті 30 пайыздық квотадан айтарлықтай асып кетті.
«Сайлау туралы конституциялық заңның 89-бабына сәйкес тіркеуге бір саяси партиядан тек бір ғана тізім жіберіледі. Партиялық тізімде үш санаттағы өкілдердің саны: әйелдер, жастар, мүгедектігі бар адамдар жиынтығында кемінде 30% құрауы тиіс. «Әділет» партиясының партиялық тізімінде 186 адам бар. Оның 88-і әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл 47,3% құрайды. Заңда белгіленген квота сақталды», — деп хабарлады Мұхтар Ерман.
Орталық сайлау комиссиясында уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп әрбір кандидаттың Конституция және салалық заңнама талаптарына сәйкестігіне мұқият тексеру жүргізілгені атап өтілді.
«Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар қойылатын талаптарға сәйкес келеді», — деп түйіндеді ОСК төрағасының орынбасары.
Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері қорытынды хаттамаларға қол қойып, бірлестіктің партиялық тізімін тіркеу туралы ресми қаулы қабылдады. Тіркелген кандидаттарға тиісті куәліктер табыс етілді.
