Қазақстанда құрылған «Әдеби Азия» халықаралық әдеби байқауы «Еуразия» сыйлығында екінші орын иеленді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Әдеби Азия» байқауы 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның басты мақсаты – әртүрлі елдердің ақын-жазушыларын біріктіріп, әдебиет арқылы мәдени байланыстарды нығайту.

Байқаудың ерекшелігі – авторларға өз шығармаларын ана тілінде ұсынуға мүмкіндік беріледі. 2025 жылы байқауға 90-нан астам елдің өкілдері қатысқан. Ал халықаралық қазылар алқасының құрамына 80 мемлекеттің 160 өкілі кірген.

Жоба уақыт өте келе әртүрлі құрлықтағы әдебиет өкілдерін біріктіретін халықаралық алаңға айналды. Оның негізгі міндеті – әдеби шығармашылық арқылы халықтар арасындағы мәдени диалогты дамыту және Еуразия елдері арасында ұзақ мерзімді байланыстар орнату.

Жобаның жетекшісі – Бақытқожа Төлегенұлы Рүстемов.

Осылайша, Қазақстаннан қатысқан үш жоба «Еуразия» сыйлығының тиісті номинацияларында екінші орын алды. Олардың қатарында ерекше даму қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсететін «Тамшылар» жобасы мен халықаралық саясатты жариялайтын «Еуразия24» медиаресурсы бар.

«Еуразия» халықаралық сыйлығы биыл екінші рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл байқауға 73 елден 5 мыңнан астам өтінім түскен. Сыйлықтың жалпы жүлде қоры 17 миллион рубльді құрайды.

Сондай-ақ қазақстандық медиажоба «Еуразия дауысы» номинациясы бойынша жүлдегер атанды.