Әлемнің үздік travel-блогері атанған Дастан Мұхамедрахымды туған жері Абай облысының әкімі Берік Уәли қабылдады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Дастан Мұхамедрахым – Абай облысының Ақсуат ауданына қарасты Қызылкесік ауылының тумасы. Ол жақында ғана Францияның Канн қаласында өткен WIBA Awards халықаралық марапаттау рәсімінде «Әлемнің үздік travel-блогері» атанған болатын. Ерекше гиперлапс форматында видео түсіретін блогердің Instagram желісінде 1,5 миллионнан астам оқырманы бар.
Оның жұмыстары Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға зор үлес қосып келеді. Саяхатшы өз еңбектерінде еліміздің асқар тауларын, кең байтақ даласын ерекше көркемдікпен бейнелейді.
Кездесу барысында аймақ басшысы Берік Уәли саяхатшының шығармашылығын жоғары бағалап, облыс жұртшылығы атынан алғысын білдірді.
««Сіздің еңбегіңіз еліміздің, оның ішінде өңіріміздің туристік имиджін қалыптастыруға зор үлес қосып келеді. Шығармашылық шабыт пен сәттілік тілеймін», – деді әкім.»
—
