Абай облысындағы Орлов шахтасында 1 шілдеде болған оқиғада алты шахтер зардап шекті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Орлов шахтасында жұмысшыларды тасымалдайтын лифт жылдамдықпен келе жатып, кенеттен тоқтаған. Салдарынан алты жұмысшы медициналық көмекке жүгінді. Үшеуіне жеңіл көгеру диагнозы қойылып, амбулаториялық емге жіберілді. Қалған үш жұмысшы Семей қаласындағы ауруханада қосымша тексеруден өтті, оларға да жеңіл дәрежедегі көгерулер диагнозы қойылды.
KAZ Minerals Корпоративтік байланыстар департаментінің менеджері Ермек Дүзкеневтің айтуынша, барлық шахтерлер амбулаториялық емге жіберілген. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
