Абай облысында «Ұшбиік», «Жарма» және «Шар» станцияларындағы жаңартылған теміржол вокзалдары пайдалануға берілді. Нысандардың ашылу салтанына облыс әкімі Берік Уәли қатысты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бағдарламасы аясында еліміз бойынша 124 вокзалды жаңарту жұмыстары басталған болатын. Оның ішінде Абай облысында 10 вокзал жаңғыртылуда.
«Темір жол — елді мекендерді байланыстыратын стратегиялық маңызы бар көлік жүйелерінің бірі. Сондықтан оның инфрақұрылымын жаңарту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау — уақыт талабы. Маңызды көлік жолдарының қиылысында орналасқан Жарма ауданында біз бірден үш жаңа вокзалды ашып отырмыз. Олар жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, Жарма ауданының одан әрі дамуына ықпал етсін», — деді Уәли.
Жаңартылған үш станция да аймақтың көлік жүйесінде маңызды орын алады. Олар арқылы «Семей — Астана», «Новосибирск — Алматы», «Павлодар — Алматы», «Семей — Қызылорда» және «Өскемен — Алматы» бағыттары бойынша жолаушылар пойыздары жүреді.
Шар қаласындағы теміржол вокзалы 1982 жылы салынған. Жаңғырту барысында ғимараттың жалпы ауданы 413 шаршы метрден 654 шаршы метрге дейін ұлғайды. Бір қабатты нысан екі қабатты болды, ішкі бөлмелер толық жаңартылды. Ғимаратта лифт орнатылып, күту және жолаушыларға қызмет көрсету аймақтары қажетті жабдықтармен жабдықталды. Сонымен қатар, вокзалда бұрын болмаған ұзындығы 716 метр аралдық платформа салынды.
«Ұшбиік» станциясындағы теміржол вокзалы 1995 жылы салынған. Нысанға соңғы күрделі жөндеу 14 жыл бұрын жүргізілген. Қазіргі жаңғырту нәтижесінде ғимараттың жалпы ауданы 83,7 шаршы метрден 201,1 шаршы метрге дейін ұлғайды. Ішкі бөлмелер жаңартылып, күту және жолаушыларға қызмет көрсету бөлмелері барлық қажетті жабдықтармен жабдықталды.
«Жарма» станциясындағы вокзал ғимараты 1996 жылы салынған. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша ескі ғимаратты толығымен бұзып, орнына жаңа вокзал салу туралы шешім қабылданды. Жаңа ғимараттың ауданы 217 шаршы метрден 347,7 шаршы метрге дейін ұлғайды. Ішкі бөлмелер қайта жабдықталып, күту және жолаушыларға қызмет көрсету аймақтары заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Сонымен қатар, 650 метр перрон жаңартылды.
