Абай облысында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өңірдің Аягөз ауданындағы Тарбағатай ауылдық округінде таулы, жетуі қиын жерде құрғақ шөп пен бұталар өртенді.
Өрт "Тарбағатай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына тараған.
Өртті сөндіруге ТЖМ, "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты, "Тарбағатай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және жергілікті атқарушы органдардан 226-ға жуық адам мен 43 техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар өртті сөндіруге "Қазавиақұтқару" мен ҰҚК-нің екі тікұшағы тартылды.
"Әуеден 12 рет су төгілді", — деп жазылған хабарламада.
Өртті сөндіру жұмыстары таулы жердің күрделі рельефіне, тік көтерілімдерге, өрт ошақтарына апаратын жолдардың болмауына және желдің екпініне байланысты қиындап отыр.
Елді мекендерге қауіп жоқ. Жағдай бақылауда, дейді министрлікте.
