Абай облысының полиция департаменті жасанды интеллектпен жабдықталған жаңа төрт аяқты қызметкерлерінің қызмет барысында не істеп жатқанын бейнежазбада көрсетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Робот-иттің қызметі
Жарияланған кадрларда робот-ит саябақтағы орындықта темекі шегіп отырған ер адамға жақындап, оған заң бұзушылық туралы хабарлайтыны көрінеді.
«Абай облысының полиция департаменті ескертеді: қоғамдық орындарда темекі шегу үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған», — дейді робот-ит.
Бұған дейін не болды
Бұған дейін «Курсив» робот-полицейлер Астананың сауда-ойын-сауық орталықтары мен вокзалдарында патрульдеу жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын. Сондай-ақ робот-иттердің Ақтау көшелеріне қалай шыққаны туралы осы жерден оқуға болады.
Ал қарсаңында Қарағанды полицейлері бұқаралық іс-шара кезінде робот-иттің тобырдың ішінен алимент бойынша борышкерді тапқаны бейнеленген кадрлармен таң қалдырды.
