Абай облысындағы Курчатов қаласында қуаты 700 Мегаватт болатын жаңа конденсациялық электр станциясының (КЭС) іргетасын қалау рәсімі өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Курчатов» КЭС жобасы – еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған ірі стратегиялық бастама, деп жазылған хабарламада. Жобаны іске асыру мерзімі 2026–2032 жылдарға жоспарланған.
Жалпы инвестиция көлемі – 881 миллиард теңге. Станция толық пайдалануға берілгеннен кейін жылына 5 миллиард кВт·сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Құрылыс кезеңінде 5 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылса, станция іске қосылғаннан кейін 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл Курчатов қаласы мен жалпы Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген аймақ басшысы бұл жоба еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті. Қазіргі уақытта Ертіс өзеніндегі Шүлбі су электр станциясы 702 МВт орнатылған қуатымен республиканың негізгі гидроэнергетикалық нысандарының бірі саналады. Алайда гидроэнергетика су ресурстарының көлеміне тәуелді болғандықтан, елдің энергетикалық жүйесінің сенімділігі үшін генерация көздерін әртараптандыру маңызды.
Осы бағытта Абай облысында бірнеше ірі энергетикалық жоба қатар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, қуаты 350 МВт болатын Семей су электр станциясының құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар Шүлбі су электр станциясының екінші кезеңі іске асырылып, оның қуаты 702 МВт-тан 1050 МВт-қа дейін ұлғайтылады. Бұдан бөлек, Семей қаласында қуаттылығы 360 МВт болатын ЖЭО-3 салу жоспарланып отыр.
