Абай облысы Аягөз ауданының прокуратурасы жол қозғалысы ережелерін бұзу әрекеттерін автоматты түрде тіркейтін камералардың жұмысынан заңбұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс прокуратурасының хабарлауынша, Аягөз қаласындағы көшелердің бірінде көлік қозғалысына рұқсат етілген жылдамдық сағатына 60 км болғанына қарамастан, автоматты тіркеу кешенінің баптауларында шекті жылдамдық 40 км/сағ ретінде қате белгіленгені анықталды. Салдарынан 172 азамат әкімшілік жауапқа заңсыз тартылған.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңсыз шығарылған қаулылардың барлығының күші жойылып, төленген айыппұлдарды қайтару жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда көлік иелеріне 800 мың теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қаражаттарды қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.