Абай облысында жел энергиясы мен күн сәулесін пайдалануға негізделген жаңартылатын энергия көздері дамып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде өңірде жалпы белгіленген қуаты 159,7 МВт болатын 8 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 7 жел электр станциясы – 129,7 МВт, ал 1 күн электр станциясы – 30 МВт қуат береді.

Өңірдегі ең ірі нысан – Аягөз ауданында орналасқан қуаты 100 МВт «Абай-1» жел электр станциясы. Сондай-ақ облыста «Винд Чарск», «ВЭС-Чарск», «Чарск Ветер», DES Consulting, Ventum Energy және EastWindEnergy жел энергетикасы нысандары жұмыс істейді.

Күн энергетикасы Жарма ауданында орналасқан қуаты 30 МВт «Жангиз Солар» электр станциясымен ұсынылған.

Жел энергетикасы ерекше орын алады. Бұл саладағы жобалар өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып, жаңартылатын көздер үлесін кеңейтуге ықпал етеді.