Абай облысының Мақаншы ауданында Қабанбай ауылынан 22 км қашықтықтағы батпақты жерде құрғақ шөп пен қамыс өртеніп жатыр. Өртті сөндіруге 100-ден астам адам мен 27 бірлік техника жұмылдырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өрт орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, «Ауыл құтқарушылары» еріктілері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Сөндіру жұмыстарын қатты желдің екпіні, аумақтың батпақтылығы және кей жерлерде үш метрге жететін биік қамыс қиындатып отыр.
Өрт сөндірушілер оттың шаруа қожалығының тұрғын үйіне және шамамен 30 тонна көлеміндегі жиналған шөпке таралуына жол бермеді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, елді мекендерге қауіп жоқ. Жағдай ведомствоның бақылауында.
Бұған дейін «Курсив» Жамбыл облысының Әулиекөл ауылының маңында 5 гектар аумақтағы құрғақ шөп пен қамысты сөндіргенін жазған болатын. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің, ерікті өртке қарсы құралымдардың және «Азиатский Газопровод» ЖШС-нің 32 адамы мен жеті бірлік техникасы қатысқан.
