Бүгін қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толып отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Абайдың арғы тегі

Абайдың арғы тегі Арғын ішіндегі Тобықты Олжай батырдан басталады. Атасы Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Осы Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады. Ал Құнанбайдың төрт әйелі болған.

Бәйбішесі – Күңке, одан бір ұл – Құдайберді. Ұлжан болса, Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі қайтыс болғаннан кейін Құнанбай келінін әмеңгерлікпен алған. Ұлжаннан Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ пен Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла мен Ысмағұл деген балалары туады. Абайдың "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтіні содан. Төртіншісі – Нұрғаным. Одан бір ұл туған, бірақ есейіп қалған кезде оны ат сүйреп өлтірген. Балалары өле берген соң Абайдың Ділдәдан туған ұлы Ақылбайды бауырына салып өсірген.

Абайдың шын есімі – Ибраһим

Әжесі Зере "Абай" деп еркелеткеннен кейін Абай атанып кеткен. Ұлы ойшылдың ұрпақтарына қатысы толық шежіремен мына жерден танысуға болады.

Абай туралы қызықты деректер

  • 01Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған.
  • 02Алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялап жүрген.
  • 03Көптеген өлеңіне өзі ән жазған, олардың ішінде кеңінен тарағаны – "Көзімнің қарасы".
  • 04Абай 13 жасында ел басқару жұмысына араласқан.
  • 051860 жылы Ділдәмен отау құрғанда Абай 15 жаста болған.
  • 0616 жасында әке атанды.
  • 0721 жасында болыс болып сайланған.
  • 08Абай екінші әйелі - Әйгерімге 30 жасында үйленген.
  • 09Еркежан - Абайдың әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі. Ол Абайға өз қалауымен тұрмысқа шыққан.
  • 1036 жасында тұңғыш немересі Әубәкір дүниеге келген.
  • 11Ақынның он баласынан 19 немере мен 13 шөбере тараған. Олардың тоғызы Ұлы Отан соғысына қатысып, тек екеуі туған жеріне оралды.
  • 12Абай "Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге қарсы заң ережесін" әзірлеген.
  • 13Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылған.
  • 14Мұхтар Әуезов Абайдың бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдерін кәрілікке жеткен уақытына шейін ұмытпаған.

Абайлар көбейіп келеді

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда Абай есімді 18 961 адам тіркелген. Бүгінде Абайлардың көбісі үш өңірде тұрады: Астана - 2 186; Түркістан облысы - 2 008; Алматы қаласы - 1 740. Қазақстандағы жасы үлкен Абай 94-те, ал есім ең көп таралған жас тобы – 30-34-тің арасы. Осы жастағы Абайлардың саны 3 267 адамды құрайды. Бұдан бөлек, Қазақстанда 37 844 Ибраһим бар. Соның ішінде есімі "Ибрагим" және "Ибрахим" деп жазылатындар аз емес.

Абай күні қалай бекітілді

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында аталып өткен болатын. Сол кезде "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейі жаңартылды. Ал 4 тамызда үкіметтің қаулысымен Абайдың туған күні мерекелік даталар тізіміне енгізілді.

Бүгінде жыл сайын Абайдың туған күніне орай сан алуан іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазақстандықтар ақынның өлеңдерін оқып, бір-біріне челлендж жолдайды. Қазақстанда жүздеген мектеп пен мыңдаған көше ұлы ақынның есімімен аталады. 2022 жылы Абай облысы құрылды. 1 қала, 3 аудан мен 26 ауылға ойшылдың аты берілген.

Қазақстанда Абай күніне жыл сайын әдеби-музыкалық кештер, форумдарды, кітап көрмелері, театр қойылымдары, шығармашылық байқаулар, зияткерлік ойындар және өзге де іс-шаралар ұйымдастырылады. Астанадағы мерекелік шаралардың тізімін мына жерден көруге болады.