Биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілмейтін болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның 2026 жылғы қорытынды отырысы вице-президент Ерлан Қариннің төрағалығымен өтті.
Отырыста Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев конкурстың екінші кезеңіне өткен туындыларды қоғамдық талқылау қорытындысы туралы баяндама жасады.
Зиялы қауымның беделді өкілдерінен құралған комиссия мүшелері әдебиет, музыка, театр және бейнелеу өнері салалары бойынша ұсынылған 7 жұмысты қарады.
«Дауыс беру нәтижесінде комиссия мүшелері ұсынылған туындылар жөнінде ортақ шешімге келе алмады. Осыған байланысты биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілмейтін болды», — деп хабарлады министрлік.
Сонымен қатар отырыста жұмыстарды бағалау шарттарын қайта қарау, сараптамалық сүйемелдеу тетіктерін жетілдіру және конкурстық іріктеу рәсімдерін жүйелеу ұсынылды.
