Жетісу облысында 19 жастағы жалғызбасты ана мен оның шешесі қамауға алынды. Оларға аса ірі мөлшердегі бопсалау фактісі бойынша айып тағылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде күдіктілердің туыстары видео жариялап, көмек сұрады. Айтуларынша, 19 жастағы әйелдің 8 айлық баласы бар. "Анасы қамауда отырғандықтан бала нәр тартпады. Шешем баласын көтеріп жүр, өзінің денсаулығы жоқ. РОВД-ның алдында тұрмыз, ешкім кіргізбейді. Түнгі сағат екіден бастап бәріміз жүрміз, жедел жәрдем шақыртып жатырмыз", - дейді күдіктілердің туыстары.
Туыстарының айтуынша, қыз баланың әкесімен кездесуге барған. Одан көмек ретінде 25 млн теңге сұраған. Бірақ ақшаның орнына қызды полиция ұстапты.
Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. "Полиция аса ауыр қылмыстар санатына жататын аса ірі мөлшердегі бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін талап етілген 25 миллион теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты алу кезінде екі күдікті әйел қылмыс үстінде ұсталды", - дейді полиция. Оларға қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау мәселесі сотта қаралатын болады.
Жетісу облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Егінбаевтың хабарлауынша, ұсталған әйелдің сәбиі әжесінің қарауына берілген. "Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, сәби мен анасының бірге болу мүмкіндігіне қатысты құқықтық тетіктерді қарастыру қажеттігі жөнінде ұсыныс білдірілді. Бұл ретте қабылданатын шешімдер ең алдымен баланың мүддесі мен қауіпсіздігі қағидаттарына негізделуі тиіс", - деді ол.
