2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы кәсіпорындарда 727 жұмысшы өндірістік жарақат алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті 500 мыңнан астам жұмыс берушіге еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды күшейту жөнінде ұсыным жолдады.

Министрліктің мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жарақаттану көрсеткіші 24,5%-ға өскен. Ауыр жарақат алған жұмыскерлер саны 409-дан 476 адамға дейін, яғни 16,4%-ға артқан.

Жарақаттанудың негізгі себептері

Жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын талдау көрсеткендей, өндірістік жарақаттанудың негізгі себептеріне мыналар жатады:

  • 01жұмыстарды қауіпсіз орындауды ұйымдастырудың жеткіліксіздігі;
  • 02қауіпсіздік талаптарының сақталуына тиісті бақылаудың болмауы;
  • 03ақаулы жабдықтарды пайдалану;
  • 04қауіптілігі жоғары жұмыстарды жүргізу талаптарының бұзылуы.

Сонымен қатар, жазатайым оқиғалардың орын алуына нұсқама беру мен жұмыскерлерді оқытуға формалды түрде қарау, жеке қорғаныш құралдарымен қамтымау немесе оларды қолданбау, сондай-ақ жұмыс орындарының жай-күйіне бақылаудың жеткіліксіздігі ықпал етеді.

Кәмелетке толмағандарды қорғау

Заңнамаға сәйкес, 18 жасқа толмаған адамдарды ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ түнгі және үстеме жұмыстарға тартуға қатаң шектеу қойылған. Кәмелетке толмағандар үшін жұмыс уақыты қысқартылған.

Жұмыс берушінің міндеттері

Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға болған жағдайда, жұмыс беруші зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуге, егер бұл басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмесе, оқиға орнындағы жағдайды сол күйінде сақтауға, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен жазатайым оқиғаны тергеп-тексеруді қамтамасыз етуге міндетті.

Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы жұмыс беруші бір тәулік ішінде мемлекеттік еңбек инспекциясының тиісті аумақтық бөлімшесіне хабарлауға міндетті.