Қазақстанда еңбек ресурстары тапшы аймақтарға ерікті көші-қон бағдарламасы жаңартылды. Ең басты өзгеріс — экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, оны меншікті тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, мемлекеттік қолдау енді бағдарламаға қатысушыларға тек көшіп қана қоймай, жаңа жерде тұрғын үй сатып алуға да мүмкіндік береді.

«Экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері енді 7 млн теңгеге дейін (1 625 АЕК) құрайды. Бұл қаражатты қатысушылар жаңа жерде меншікті тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады. Өзгерістердің басты мақсаты — азаматтарға жай ғана аймақ ауыстыруға емес, жайлы орналасуға, баспаналы болуға және тамыр жаюға көмектесу», — делінген ведомство хабарламасында.

Тұрғын үй сертификатынан басқа, көшіп келушілерге көшуге субсидиялар, тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу, сондай-ақ жұмыс іздеуге көмек сақталады. Жұмыс берушіні көшкенге дейін таңдауға болады — бұл үшін қабылдаушы аймақтар жұмыс жәрмеңкелерін өткізеді.

Ведомство бағдарламаға қатысушылар тізімі кеңейтілгенін атап өтті. Бұрын ол негізінен жұмыссыздарға бағытталған болса, енді өтінім бере алатындар қатарына сұранысқа ие мамандар мен шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да кіреді.

Өтініш беру, көшу үшін аймақты таңдау, сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысу және бос жұмыс орнын табу migration.enbek.kz порталы арқылы қашықтан жүзеге асырылады.

Министрлік деректері бойынша, 2017 жылдан бері бағдарламаға 73,9 мың адам қатысты, оның 31 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының арқасында тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Бұған дейін «Курсив» Еңбек министрлігі ерікті көші-қон бағдарламасына қатысушылар үшін migration.enbek.kz порталын іске қосқанын жазған болатын. Қызмет арқылы көшу шарттары, қолжетімді мемлекеттік қолдау шаралары, сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысуға және көшу үшін аймақты таңдауға болады.