Шығыс Қазақстан облысында 69 жастағы Татьяна Ригер өмірінде алғаш рет Қазақстан азаматының жеке куәлігін алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Риддер полициясының мәліметінше, әйел ұзақ уақыт бойы қазіргі үлгідегі жеке басын куәландыратын құжатсыз өмір сүрген. Бұған дейін ол 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортын пайдаланған, алайда кейіннен оны жоғалтып алған.

Өмірлік жағдайларға байланысты Татьяна Владимировна ұзақ уақыт бойы құжаттарын қайта рәсімдеуге мүмкіндік таппаған. Жуырда ол Риддер қаласының көші-қон қызметіне жүгінді. Қызметкерлер оған қажетті құжаттарды жинауға көмектесіп, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, құзырлы мемлекеттік органдарға сұрау жолдады.

Барлық қажетті рәсім аяқталғаннан кейін, тамыз айының соңында Татьяна Владимировна Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алғаш рет алды.