Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев 65 жастан асқан жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өту тәртібін түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Медициналық тексеру қашан басталды?

Әлекешевтің айтуынша, 65 жастан асқан жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өтуі 2014 жылдан бастап қолданыста. 25 тамыздан бастап тек бір ғана өзгеріс күшіне енеді: егер жүргізуші медициналық тексеруден уақытылы өтпесе, жүргізуші куәлігінің күші автоматты түрде және уақытша тоқтатылады.

65 жастағы жүргізушілерге қатысты ережелер

Оның айтуынша, 65 жасқа толған адам бірден медициналық тексеруден өтудің қажеті жоқ. Медициналық тексеруден 67 жасқа дейін өтуге болады. Одан кейін берілетін медициналық анықтама екі жылға дейін жарамды. Келесі медициналық анықтаманы 69 жасыңызда, 71 жасыңызда, яғни осы тәртіппен жалғаса береді.

Қайда өтуге болады?

Әлекешевтің сөзінше, емханаларға жаппай барып, кезекке тұрудың қажеті жоқ. Медициналық тексеруден кез-келген медициналық мекемеден: мемлекеттік немесе жекеменшік емханалардан өте беруге болады. Тіпті, тұрғылықты жері бойынша, болмаса басқа қаладан да өте алады. Ең бастысы медициналық ұйымның мұндай тексеруді жүргізуге рұқсаты мен мүмкіндігі болуы керек.

Тексеруден өтпеген жағдайда не болады?

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі медициналық тексеруден уақытылы өтпеген жағдайда не болатынын да айтты. Мұндай жағдайда жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылады. Бірақ бұл жүргізуші куәлігінен айыру деген сөз емес. Медициналық тексеруден өткен соң жүргізуші куәлігінің күші автоматты түрде қайта күшіне енеді.

Патрульді полиция қызметкерлері жүргізушілерге ең алдымен, талаптарды түсіндіріп, ауызша ескерту жасайды. Егер адамдар бұл талапты білмей немесе ұмытып кеткен болса, оған ең алдымен медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік беріледі.

Айыппұл қарастырылмаған

Ол медициналық тексеруден өтпегені үшін айыппұл салынбайтынын да ескертті. Медициналық тексеруден өтпегені үшін заңда айыппұл көзделмеген. Жалғыз ғана салдары тексеруден өткенге дейін жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылады.

Ақпарат базада көрінбесе не істеу керек?

Шыңғыс Әлекешев жүргізушілерге егер медициналық тексеруден өтіп, бірақ ақпарат базада көрінбесе, алаңдамауды ескертті. Кейде ондай жағдай да болуы мүмкін. Ақпарат базаға бірден түспей қалса, оған алаңдаудың қажеті жоқ. Полиция қызметкеріне медициналық тексеруден өткені туралы қағаз түріндегі анықтаманы көрсету жеткілікті. Одан кейін полиция қызметкері ақпараттың базаға енгізілуін өзі қамтамасыз етеді.

Министрлік жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.