Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі сауда орындарына жүргізген мониторинг қорытындысын жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрлік аймақтық бағаға ең көп әсер ететін негізгі 63 сауда орнын анықтады. Оның ішінде «Алтын Орда», «Барыс-4» сияқты ірі базарлар бар.
Тексеріс нәтижесінде 486-ға жуық заңбұзушылық анықталып, әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, жеткізу тізбегіндегі тәртіпті қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері 150 тиімсіз делдал шығарылды.
«Тексеру нәтижесінде контрафактілік және таңбаланбаған өнімдер, көлеңкелі айналым, кассалық тәртіптің бұзылуы, еңбек қатынастарының рәсімделмеуі және сауда орындарын бірнеше мәрте қосалқы жалға беру фактілері анықталды», – деді Ернұр Жәутікбаев.
