Қазақстанда соңғы алты жылда тағы 4 млн тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елдегі газдандыру деңгейі 51%-дан 64,2%-ға дейін өсті. Газбен қамтамасыз етілген халық саны 9,1 млн адамнан 13,1 млн адамға дейін артты.
Осы жылдары газдандыру жұмыстарына 1 мыңнан астам елді мекен қамтылып, 20 мың км газ тарату желісі салынды.
Министрліктегілер көрсеткіштің өсуі газ тасымалдау және газ тарату жүйелерін дамытуға, сондай-ақ жаңа елді мекендерді газға қосуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру нәтижесінде қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Тек 2025 жылдың қорытындысы бойынша 94 елді мекендегі 354 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Бір жыл ішінде шамамен 2 мың км газ тарату желісі салынған.
2026 жылы газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 40 жоба іске асырылып жатыр, оның ішінде 7 өтпелі және 33 жаңа жоба бар. Жобаларды іске асыру аясында биыл тағы шамамен 36 мың адам табиғи газға қол жеткізілмек.
Солтүстік өңірлерді газдандыру үшін «Ишим – Астана» магистральдық газ құбырын салу жобасының маңызы зор. Оны іске асыру жөніндегі меморандумға Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» арасында қол қойылды.
Жоба Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
