«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 59 пойыздың спутниктік интернетке қосылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қай пойыздарда интернет қолжетімді?

Қазіргі уақытта интернетке қосылған пойыздар 31 бағытта қатынайды. Негізгі бағыттар:

  • 01Нұрлы жол – Алматы
  • 02Нұрлы жол – Өскемен
  • 03Нұрлы жол – Орал
  • 04Нұрлы жол – Петропавл
  • 05Алматы-2 – Өскемен
  • 06Қызылорда – Семей
  • 07Ақтөбе – Алматы-1
  • 08Маңғыстау – Ақтөбе
  • 09Орал – Маңғыстау
  • 10Ақтөбе – Қазалы
  • 11Ақтөбе – Атырау
  • 12Павлодар – Алматы

Ал қыркүйек айының соңына дейін 50 бағыттағы 124 пойыз құрамын, яғни 1 235 вагонды спутниктік интернетпен жабдықтау жоспарланып отыр.

Қандай тарифтер болады?

Бүгінде спутниктік байланыс арнасы арқылы интернетке қосылу жылдамдығы секундына 100 Мбитке дейін жетеді. Компания мамандарының айтуынша, жолаушыларға интернетті пайдаланудың тегін базалық пакеті ұсынылады. Оның аясында WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мәтіндік хабарламалар алмасуға қосымша ақы алынбайды.

«Ал интернеттегі басқа да сервистерді кеңінен пайдаланып, трафик көлемін ұлғайтқысы келетін жолаушыларға қосымша тарифтік пакеттер ұсыну жоспарланып отыр», – дейді компания мамандары.

Бұдан бөлек, спутниктік интернет пойыздарда мультимедиялық, ақпараттық және өзге де цифрлық сервистерді дамытуға мүмкіндік береді.

Бүгінде пойыздарды интернетпен қамтамасыз ету кезінде OneWeb пен Starlink төмен орбиталы спутниктік жүйелер қолданылады. 2025 жылы бес бағытта: Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Бурабай, Астана – Семей және Алматы – Маңғышлақ пойыздарында сынақ жұмыстары атқарылған болатын. Ал 2026 жылы жобаны кеңінен қолдануға шешім қабылданды.

Пойызда интернетке қосылу үшін Wi-Fi желісін таңдап, авторизациядан өту қажет. Осыдан кейін WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мәтіндік хабарламаларды жіберуге болады.