Биылғы бірінші жартыжылдықта елдегі 566 ауыл 4G желісіне көшті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 31 іс-шараның 21-і сәтті орындалды. 2025 жылы спутниктік байланыс арқылы 362 ауыл интернетпен қамтамасыз етілді, мобильді байланыс операторлары 12 қосарлы мақсаттағы тірек орнатты, Қазақстан бойынша 743 «ақтаңдақ» жойылды.

Сонымен қатар байланыс саласын реттеуді жетілдіру бойынша заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. 2027 жылдың соңына дейін 1,2 млн адамды және 5,8 мың мемлекеттік нысанды қамти отырып, 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Бүгінгі таңда 12 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілері салынды, 340 ауылда спутниктік байланыс арқылы интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілді. Дүниежүзілік банктің қолдауымен 83,9 млрд теңге көлемінде 1 123 ауылдағы 2,3 млн адамды интернетпен қамту үшін «соңғы» тұтынушы субсидиялау жобасы жүзеге асырылуда.

Бұл жоба 1 123 ауылда тікелей елді мекендер мен үй шаруашылықтарына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін салуды көздейді, бұл шамамен 2,3 млн адамды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта үй шаруашылықтарына дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары басталды.

Ұялы байланыс секторы 5G желілерін орналастыру бойынша міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындап, елдің 20 қаласында 3 618-ден астам базалық станса орнатты. Халық саны 250 адамнан асатын барлық ауыл, яғни 3 807 ауыл операторға салық преференцияларын беру есебінен 4G стандартына кезең-кезеңімен ауыстырылады, оның ішінде 2026 жылғы І жартыжылдықтағы жағдай бойынша 4G-ға 566 ауыл көшті.