Республикалық рейдтер барысында жалған нөмірлі 500-ден астам автокөлік анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

10-14 маусым аралығында ішкі істер органдары жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдаланатын көлік құралдарын анықтау және осындай деректердің жолын кесу бойынша республикалық рейдтік іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде 22 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзудың жолы кесілді, оның ішінде 500 көлік құралында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі орнатылған.

«Бұдан басқа мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз пайдаланылған 1,5 мыңнан астам көлік анықталды. Арнайы тұрақтарға шамамен 2,5 мың автокөлік қойылды», - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызы.

Аталған фактілер жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану көбіне қасақана сипатқа ие екенін және құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықтан жалтару мақсатында қолданылатынын көрсетеді. Министрлікте әрбір құқық бұзушылыққа тиісті құқытық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылатынын хабарлады.