Қазақстанда білім беру саласында 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Бүгін олардың барлығын бұрынғы және қазіргі оқушылары кәсіби мерекесімен құттықтап, құрмет көрсетеді. Себебі бәріміз мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мейрамның тарихы

Бастапқыда Мұғалімдер күні жыл сайын қазан айының бірінші жексенбісінде аталып өтетін. Бұл дәстүр КСРО кезінде 1965 жылдан енгізілген еді. Ал 2023 жылы Қазақстан үкіметі бұл мерекенің нақты күнін бекітті. 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елінде Дүниежүзілік мұғалімдер күні аталып өтеді. Осыған байланысты Қазақстанда да кәсіби мерекені осы күнге бекіту туралы шешім қабылданды.

30 жылдық тәжірибесі бар мұғалім көп

Қазіргі кезде Қазақстанның білім беру жүйесінде 600 мыңға жуық педагог жұмыс істейді:

  • 01мектепке дейінгі ұйымдарда – 104 мыңнан астам маман;
  • 02мектептерде – 420 мың мұғалім;
  • 03техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында – 42 мың педагог.

Мектептерде 53 мыңнан астам педагогтің еңбек өтілі 30 жылдан асады. Тағы 73 мыңнан астам педагог білім беру саласында 20 жылдан 30 жылға дейін еңбек етіп келеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда 5 мыңнан астам, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 4 мыңнан астам педагогтің еңбек өтілі 30 жылдан жоғары.

9 мұғалім «Еңбек Ері» атағын алған

Қазақстан тарихында жоғары мемлекеттік наградаға 9 педагог ие болған. Олардың ішінде Жақия Шайжүнісов, Құдыс Әбсәметов, Рафиқа Нұртазина мен Маржан Тасова «Социалистік Еңбек Ері» атағымен марапатталса, бесеуі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алды. Олар:

  • 01академик Аягүл Миразова;
  • 02биология пәнінің мұғалімі Алина Соловьева;
  • 03математика пәнінің мұғалімі Алма Шүкіжанова;
  • 04математика пәнінің мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісова;
  • 05орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Эльмара Траисова.

Бұдан бөлек, Қазақстанда «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы да енгізілген. Бүгінде 100-ге жуық маман осы құрметті атаққа ие болған.

Педагог мәртебесі көтерілді

2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаздардың мерейін өсіріп, мәртебесін көтерді. Бұрын мұғалімдер кәсіптік міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартылатын: сайлау өткізетін, насихат жұмыстарын жүргізетін. Ал «Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдерді артық жұмысқа тартуға тыйым салды. Оларды орынсыз тексеру тоқтатылып, шамадан тыс есеп беруден босатылды. Заңға сәйкес, барлық педагогтің еңбек демалысы 56 күнге ұзартылды. Сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін де қосымша ақы беріледі. Бұдан бөлек, педагогикалық шеберлігі үшін үстемеақы төленеді. Магистр дәрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы алады.

Мұғалімнің жалақысы қандай

Соңғы жылдары ұстаздардың жалақысы жыл сайын көтерілді. 2021 жылдан бері ұстаздардың жалақысы екі есеге өсті. Халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған ұстазға мектептің үнемделген қаражаты есебінен үш лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған мұғалім бюджет қаражаты есебінен біржолғы сыйақымен көтермеленеді. Сонымен қатар заңға сәйкес мұғалімдердің балаларына балабақшадан бірінші кезекте орын беріледі.

Мейрам қалай тойланады

Мұғалімдер күні қарсаңында елімізде «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталады. Оларға 1000 АЕК мөлшерінде сыйақы төленеді. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болғандар айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласында 30 және одан көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Мемлекет басшысы да жыл сайын ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтайды. Бұл күні шәкірттер ұстаздарына жылы тілегін айтып, гүл сыйлап, мектептерде мерекелік концерттер ұйымдастырылады.

Қазанда кәсіби мереке көп

Осы айда бірнеше кәсіби мереке бар. Олар:

  • 011 қазан – Радио күні;
  • 025 қазан – Мұғалімдер күні;
  • 036 қазан – Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні;
  • 0410 қазан – Қазақстан кәсіптік одақтарының күні;
  • 0519 қазан – Құтқарушы күні;
  • 06қазанның үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкері күні;
  • 0724 қазан – Кітапханашы күні;
  • 08қазанның соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні;
  • 0929 қазан – Күзет ұйымдарының қызметкерлері күні.

Қосымша демалыс беріле ме?

Заң бойынша кәсіби мереке кезінде қосымша демалыс берілмейді. Бірақ қазан айында мемлекеттік мереке де бар. Осыған байланысты дүйсенбі күні қосымша демалыс беріледі. Осылайша, аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар қатарынан үш күн – 24, 25 және 26 қазанда демалады.