Қазақстанда жергілікті атқарушы органдар мен жоғары оқу орындары талапкерлерге 4,4 мыңнан астам білім беру грантын бөлді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар бөлетін мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды.
Әкімдіктер бөлетін гранттар
Жыл сайын әкімдіктер өңірлер үшін сұранысқа ие және басым бағыттар бойынша кадрларды мақсатты даярлауға білім беру гранттарын бөледі. Биыл жергілікті атқарушы органдар (бакалавриат, магистратура, резидентура бағдарламалары бойынша) оқуға 2392 білім беру грантын бөлді.
Ең көп грантты Астана қаласының әкімдігі – 303, Шымкент қаласы – 285, Шығыс Қазақстан облысы – 270 грант бөлді. Одан кейін Батыс Қазақстан облысы – 211, Абай облысы мен Түркістан облысы – 200 гранттан, Ақмола облысы – 199, Қарағанды облысы – 198, Атырау облысы – 187, Маңғыстау облысы – 163 грант бөлді. Қалған өңірлердің әрқайсысы 100-ге жуық грант ұсынды.
Өтінім беру тәртібі
Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер өздері таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі қажет. Өтінішке білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ жеңілдік санатын растайтын құжаттар (бар болған жағдайда) қоса тапсырылады.
Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан және жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Білім беру гранттарын беру туралы шешімді тиісті әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.
Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.
ЖОО-лардың қосымша гранттары
Республикалық бюджет және жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарынан бөлек, Қазақстанның жоғары оқу орындары талапкерлерге білім беру гранттарын, оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендияларды ұсынады.
2026 жылы жоғары оқу орындары ұсынатын ректорлық, университеттік және ішкі білім беру гранттарының жалпы саны 2 мыңнан асады. Гранттарды беру талаптарын әр университет дербес белгілейді.
Іріктеу кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері, академиялық жетістіктер, "Алтын белгі" иегері болуы, олимпиадалар мен ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстардағы нәтижелер, сондай-ақ талапкердің әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
Гранттар мен квоталар саны, өтінім беру мерзімдері және қатысу талаптары туралы ақпаратты Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтынан табуға болады.
