Қазақстан азаматы аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Ресей Федерациясынан экстрадицияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2022-2023 жылдары коммерциялық ұйымның директоры болып, кірістер декларациясына бұрмаланған деректерді енгізу арқылы 290 миллион теңгеден астам сомаға салық төлеуден жалтарған.
Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыс жасағаннан кейін ол қылмыстық қудалау органынан жасырынып, халықаралық іздеу жарияланған. Осы жылғы қаңтарда ол Краснодар қаласында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауымен Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыс үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
