Қазақстанда 25 шілдеде ақылы бөлімге түсушілерге арналған тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) өтінім қабылдау басталады. Өтінімдер 5 тамызға дейін қабылданады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, өтінімдер app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы қабылданады. Тестілеу кезеңі 10-15 тамыз аралығында өтеді.

Тамыз айындағы тестілеу ақылы бөлімге түсушілер үшін ұйымдастырылады. Өтінім беруге ағымдағы және өткен жылдардың мектеп және колледж түлектері, қандастар, сондай-ақ шетелде мектеп бітірген қазақстандықтар құқылы. Өтінім беру кезінде қатысушылар тестілеу пунктін, күнін және уақытын өздері таңдайды.

Айта кетейік, колледж түлектері өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде оқуды жалғастыруды жоспарласа, олар ҰБТ-сыз, тікелей университеттің қабылдау комиссиясында сұхбат нәтижесі бойынша түсе алады.