Түркістан облысының Арыс қаласында құны 11 млрд теңге болатын өсімдік майы өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Жобаны Agrima Group компаниясы жүзеге асырып жатыр, оның бір иесі — 24 жастағы Еркенұр Рүстембек. Кәсіпорынды 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Болашақ зауыт жылына 165 мың тонна шикізатты өңдей алады. Қазіргі уақытта алаңда кәсіпорын ғимараты салынып, өндірістік жабдықтар жеткізіліп, орнатылуда. Іске қосылғаннан кейін мұнда 150 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Жоба бойынша инвестициялық келісімді Түркістан облысының әкімдігі мен Agrima Group Шымкентте өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR-2026) аясында жасасты. Ынтымақтастық туралы меморандум облыс әкімі Нұралхан Күшеровтің инвесторлармен кездесуі барысында, премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен жасалды.
Жобаны 2026–2027 жылдары жүзеге асыру көзделіп отыр. Өңір билігі зауыт құрылысын агроөнеркәсіп кешені мен қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жұмыстарының бір бөлігі ретінде қарастыруда.
Adata деректеріне сәйкес, Agrima Group иелері — 24 жастағы Еркенұр Рүстембек және «Mega-Agat АГРО». Өз кезегінде «Mega-Agat АГРО» компаниясын екі жеке тұлға — Мұрат Иргебаев пен Әлішер Исмонов бақылайды.
Navigator бизнес-клубының сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Мұрат Иргебаев Mega-Agat және Ra Mastone компанияларымен байланысты. Олардың қызметі халық тұтынатын тауарларды өндіру, экспорттау және импорттау, логистика, сондай-ақ табиғи тастан жасалған құрылыс материалдарын өндіру мен сатуды қамтиды.
Кәсіпкердің профилінде бизнестің Шымкентте орналасқаны және Ташкент пен Арыста филиалдары бар екені көрсетілген. Қызметкерлер саны 20 адамды құрайды.
Navigator ақпараты бойынша, тоғыз жыл жұмыс істеу барысында Mega-Agat Орталық Азиядағы ең ірі автоматтандырылған өндірістік кешендердің бірін құрды. Аталған тағы бір компания — Ra Mastone — табиғи тастан жасалған бұйымдарға маманданған және Қазақстанның үш қаласынан астамында сату нүктелері бар.
Сонымен қатар, Еркенұр Рүстембектің тегі мен әкесінің атын ескерсек, оның әкесі Иргебаев болуы мүмкін. Алайда бұл ақпаратты ашық деректерден растау мүмкін болмады.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстан Оңтүстік Кореямен бірлесіп спутниктер мен компоненттер өндірісін бастауы мүмкін екенін жазған болатын.
