Қазақстанда медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадалары смарт-бейнежетондармен жабдықталады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкіметтің хабарламасына сәйкес, медицина қызметкерлерін қорғау және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр.

Атап айтқанда, полициямен шұғыл байланыс орнатуға арналған смарт-бейнежетондар мен SOS батырмалары енгізіледі.

«Жыл соңына дейін 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы мен 3,8 мыңнан астам қызметкерді бейнежетондармен қамту жоспарланып отыр. Ал телемедицина қашықтан 24-ке дейін зерттеу түрін жүргізуге мүмкіндік береді», — деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар вакциналардың сақталу жағдайын бақылауға арналған «Суық тізбек» жүйесі, ауылдық жерлердегі 655 медициналық ұйым мен ҚАЖ жүйесінің 72 мекемесінде орнатылған телемедициналық кешендер қолданысқа енгізілді.