2029 жылға қарай Қазақстан бойынша желілік инфрақұрылымның тозу деңгейін орта есеппен 40%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет отырысында ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдегендей, 2025-2029 жылдары 13 трлн теңге инвестиция тартылады, оның ішінде коммуналдық секторға 6,8 трлн теңге және энергетика секторына 6,2 трлн теңге бағытталады.
«Бұл қаражат 84 мың шақырым желіні жөндеп, жаңғыртуға, 7 309 мегаватт қуатты іске қосуға, 27 энергия өндіру нысанын салуға және реконструкциялауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде желілік инфрақұрылымның тозу деңгейі ел бойынша орташа есеппен 40%-ға дейін қысқарады деп жоспарланып отыр. Нысандардағы апаттылық деңгейі 25%-ға дейін қысқарады», - деді Асан Дарбаев.
2024 жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Бағдарлама жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы табиғи монополиялардың 247 субъектісін қамтиды. 2029 жылға қарай 70 коммуналдық кәсіпорынды тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақтан шығару жоспарланған.
