АСТАНА, 20 тамыз – Sputnik. 2027 жылы Қазақстанда 845 МВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлады Энергетика министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Атап айтқанда, Жамбыл ГРЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын 5 газтурбиналық қондырғыны, "МАЭК" ЖШС-де қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысын, "Баскуат Энергопром" ЖШС жобасының бірінші кезеңі аясында жалпы қуаты 34,7 МВт болатын 5 газпоршеньді қондырғыны, сондай-ақ "Kazakhmys Energy" ЖШС-де қуаты 70 МВт бу-газ қондырғысын іске қосу көзделген.

Сонымен қатар жалпы қуаты 570 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында мына нысандар бар:

  • 01Алматы облысындағы қуаты 100 МВт күн электр станциясы;
  • 02Қызылорда облысындағы жалпы қуаты 70 МВт болатын үш күн электр станциясы;
  • 03Ақтөбе облысындағы әрқайсысының қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясы;
  • 04Қызылорда облысындағы қуаты 50 МВт жел электр станциясы;
  • 05Түркістан облысындағы қуаты 50 МВт жел электр станциясы;
  • 06Абай облысындағы жалпы қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясы.

"Жаңа қуаттарды іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанында елдің электр энергиясына деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. 2027 жылдың соңына қарай электр энергиясының шамамен 1,3 млрд кВт·сағ көлемінде профициті қалыптасады деп күтіліп отыр", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстанда шамамен 2,6 ГВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, төрт газ электр станциясын іске қосу, қолданыстағы екі электр станциясын кеңейту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің 10 жаңа нысанын іске қосу көзделген.