Соңғы жылдары әлемдегі ең «күшті» паспорттар рейтингі айтарлықтай өзгерді. Бұрын көбінесе еуропалық елдер көш бастаса, енді рейтингтің алғашқы жолдарын Азия мемлекеттері иеленіп отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылдың басты көшбасшысы — Сингапур. 2016 жылы оның азаматтары 173 бағытқа визасыз бара алса, қазір бұл көрсеткіш 192-ге жетті.
Екінші орынды Жапония, Оңтүстік Корея және Біріккен Араб Әмірліктері бөлісті. Бұл паспорттардың иелеріне визасыз 188 бағыт ашық.
Өсудің ең айқын мысалдарының бірі — БАӘ. Соңғы жиырма жылда ел визасыз бағыттар санын 153-ке арттырып, паспорт «күші» бойынша әлемдік көшбасшылардың біріне айналды.
Еуропа елдері әлі де көшбасшылар қатарында. Норвегия 186 ел мен аумаққа қол жеткізіп, бесінші орында; Швейцария — 185 бағытпен алтыншы. Еуропалық Одақ пен Ұлыбритания азаматтары орта есеппен 184 бағытқа визасыз бара алады.
Канада мен АҚШ паспорттары да 2016 жылмен салыстырғанда «күшейді» — визасыз бағыттар саны тиісінше 183 және 180-ге өсті. Алайда басқа мемлекеттер дипломатиялық байланыстарын тезірек дамытты, сондықтан әлемдік рейтингте Солтүстік Америка төмендеді.
Бұған дейін «Курсив» АҚШ Мемлекеттік департаменті ел тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай шектеулі мөлшерде ескерткіш паспорттар шығара бастағанын, мұқабасының ішкі жағында Дональд Трамптың портреті орналасқанын жазған болатын.
