Қазақстанда заң талаптарын бұзған 20-дан астам стример әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Polisia.kz мәліметінше, стримерлер көп қаралым, лайк және донат жинау үшін тікелей эфирде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлаған.
Мысалы, Шымкент қаласының 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев TikTok желісіндегі тікелей эфир барысында бейәдеп сөздер қолданған. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова TikTok-тағы тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан. Бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған ол бұл жолы әкімшілік айыппұл арқалады.
Павлодар қаласында 26 жастағы Аслан Амантаев көлік тізгінінде отырып тікелей эфир жүргізген, балағат сөздер айтып, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Соттың шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сонымен қатар Түркістан қаласында "bayan_kyz", "fatima.sh0000" және "fatima_s003" никнеймдерімен танымал Баян Шанкеева жауапкершілікке тартылды. Ол тікелей эфирлерде бейәдеп сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық көрсеткен. Сот оған әкімшілік айыппұл тағайындады.
ІІМ цифрлық кеңістікті құқыққа қайшы контенттен тазарту және қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды жауапкершілікке тарту бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.
