Елнар Салпековтың мектеп бітіргеніне көп болған жоқ. Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі бүгінде әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі — Калифорния университетінің Беркли кампусында білім алып жүр. Оқумен қатар жеке стартапын да дамытып жатыр. Жақында өз командасымен бірге Павлодар облысында заманауи жасанды интеллект деректер орталығын салуға бағытталған құны 10 млрд долларлық жобаны да Қазақстанға алып келді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мүмкін емес нәрсе жоқ"
Елнар мектепте оқып жүргенде мүмкін емес нәрсе жоқ екенін түсінген. Ол үшін тек шын ниетпен еңбек ету керек. "Ол кезде жасым 12–13-те еді. Досым екеуміз жеміс чипсыларын жасап, мектепте сататынбыз. Артынан бұны бизнеске айналдыруды ойладық. Досым кездейсоқ бір инвестор — мейрамхана иесіне барып, идеямызды айтып көрген. Сонда менің таңғалғаным, кәсіпкер бізді тыңдауға келісті. Біз оған бизнес-жоспарымызды дайындап, жобаны таныстырдық. Сөйтіп, ол бізге 60 мың доллар инвестиция салуға келісті", - деп еске алды Салпеков.
Оның айтуынша, компанияның негізгі жұмысын ересектер жүргізген. Алғашқы бизнесі ұзаққа бармаса да, дәл осы тәжірибе оның өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертті. "Мен өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ екенін түсіндім. Содан бері үнемі жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жобаларды іздеумен келемін", — дейді ол.
Берклиге қалай түсті
Елнар Салпеков бірінші болып Халықаралық тарих олимпиадасында (International History Olympiad, IHO) медаль жеңіп алған. Ауыл мектептерінің оқушыларына Назарбаев зияткерлік мектептеріне түсуге көмектесіп, өз командасымен бірге мыңдаған баланың тағылымдамасын ұйымдастырған. Сол кезде АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Лаура Вайгорова бірлесіп құрған Study With Us білім беру бағдарламасына да қатысуға шешім қабылдаған. Соның аясында дарынды мектеп оқушылары шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге тегін дайындалады.
Елнарға Smartest Prep орталығы да көмектескен. Осылайша, SAT бойынша 1500 балл, ал IELTS-тен 8.0 ұпайы бар түлек Калифорния университетінің Беркли кампусына оқуға түскен. Ал оның оқу ақысын Google компаниясының бұрынғы бас директоры Эрик Шмидт негізін қалаған Rise қоры толығымен төлейді.
Жеке жобасы қандай
Елнар оқумен қатар досы Асқар Әлмұхаметовпен бірге Қазақстан университеттеріне түсу үдерісін жеңілдететін Q App стартапын да бастаған. Бүгінде осы онлайн-платформаны Қазақстан мен Өзбекстанның 70-тен астам жоғары оқу орны пайдаланады. Жобаға 200 мың доллардан астам инвестиция тартылған.
"Біз Қазақстан университеттеріне онлайн түрде құжат тапсыруға арналған платформа жасап жатырмыз. Қазір көптеген талапкер кезекте тұрып, құжаттарын қолма-қол тапсырып жатады. Адам бір рет өтінім толтырып, бірден бірнеше университетке құжат жолдай алады", — дейді ол.
Қазақстанға 10 млрд доллар тартылды
Жасанды интеллект саласындағы әлемдегі ең ірі жобалардың бірін Қазақстанға тарту Елнардың өміріндегі ең ауқымды жоба болды. Берклиде оқып жүргенде серіктесі Асқар Әлмұхаметов Firebird компаниясының негізін қалаушы, NVIDIA-ның ресми серіктесі Размик Овакимянмен танысқан. Бұл компания жасанды интеллектке арналған заманауи деректер орталықтарын салады. Орталықтарда ChatGPT секілді жасанды интеллект жүйелерінің сұраныстары өңделеді.
Компания осындай алғашқы жобасын Арменияда 4 млрд долларға жүзеге асырған. Ал келесі нысанды Қазақстанда, Өзбекстанда немесе Тунисте салуды жоспарлаған. "Размик бізге хабарласты. Біз оларды Қазақстанға келуге көндірдік, елдің мүмкіндіктерін көрсеттік, мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесулер ұйымдастыруға көмектестік. Нәтижесінде олар басқа нұсқалардан бас тартып, Қазақстанды таңдады", - деп түйіндеді ол.
