Шығыс Қазақстан облысының 17 жастағы шахматшысы Алдияр Ансат халықаралық гроссмейстер атағын алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ол үшін Алдияр Ансат Aktobe Open халықаралық турнирінде рейтингін 2500 ұпайдан асырып, барлық нормативті толық орындады.

Облыстық әкімдіктің хабарлауынша, Алдияр Ансат – Қазақстанның талантты жас шахматшыларының бірі. Ол алты жасында елдегі ең жас спорт шеберлігіне кандидат атанса, 11 жасында – ең жас FIDE шебері, 13 жасында – халықаралық шебер, ал 15 жасында Қазақстан Республикасының ең жас еңбек сіңірген спорт шебері атағын алды.

Оның спорттық жолындағы айтулы жетістіктердің бірі – 10 жасында Қазақстан чемпионатында бірден екі жас санатында топ жаруы. Алдияр 12 жасқа дейінгі және 14 жасқа дейінгі спортшылар арасында алтын медаль жеңіп алып, ел шахматы тарихындағы бірегей жетістікке қол жеткізді. 15 жасында ол ересектер арасындағы Қазақстан чемпионы атанып, өзінің жоғары шеберлігі мен зор әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.