Аса ірі мөлшердегі есірткі заттарының контрабандасы және оларды өткізгені үшін сотталған қазақстандық әйел Қырғызстаннан экстрадицияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ол 16 жыл бұрын сотталған. Іздеуде жүрген әйел 2010 жылы ақшалай сыйақы үшін салмағы 1 келіден асатын гашиш есірткі затын Қазақстан шекарасы арқылы заңсыз өткізген.

Оған Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты 2010 жылы 23 қарашада үкім шығарған. Сот үкімімен әйелдің мүлкі тәркіленіп, 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Алайда оның асырауында жас баласының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі баласы он төрт жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылған. Сотталған әйел пробациялық бақылауда бола тұра, 2017 жылы сот үкімін орындаудан жалтарған, осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған.

Биыл наурызда ол Бішкек қаласында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауымен отанына экстрадицияланды. Қазіргі уақытта әйел тергеу изоляторына қамалды.