Қазақстандық спортшы Фатима Сұпығалиева дзюдодан әлем чемпионы атанды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

16 жастағы қыз Эквадорда өтіп жатқан дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына екінші алтын медаль түсірді. Қыздар арасында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Фатима Сұпығалиева финалда украиналық спортшыдан басым түсіп, белдесудің негізгі уақыты тең аяқталып, жеңімпаз қосымша уақытта (golden score) анықталды.

"Шешуші сәтте отандасымыз ұтымды әдіс жасап, қарсыласын иппонмен жеңді. Осылайша, Фатима Сұпығалиева Қазақстан дзюдосы тарихында қыздар арасында әлем чемпионы атанған тұңғыш дзюдошы ретінде тарихқа енді", - дейді Туризм және спорт министрлігі.

Сондай-ақ осы жарыста Інжу Жұмажан (-57 кг) күміс жүлдеге ие болса, Ерік Үсенов (-66 кг) пен Бекәли Еркен (-73 кг) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатының екінші жарыс күнінен кейін де жалпы медаль кестесіндегі көшбасшылығын сақтап қалды. Ұлттық құраманың еншісінде 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль бар.

Айта кетері, биылғы әлем біріншілігіне 59 елден 457 жас татами шебері қатысып жатыр. Әлем чемпионаты 23 тамызға дейін жалғасады.