Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салу неден басталатынын түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет арнайы заң жобасын әзірледі. Президент Құрылтай депутаттарына осы мәселені тездетіп қарауды ұсынған болатын. Министрдің айтуынша, заң жобасында балалардың смартфонды пайдалану нормалары да қамтылған.
«Біріншіден, 16 жасқа толмаған балалардың өз аккаунттары болмайды», — деді Сүлейменова үкіметте өткен брифингте.
Ол ішкі істер министрлігі жүргізген зерттеуге сілтеме жасап, балалар көретін контент оларға кері әсерін тигізіп жатқанын атап өтті. «Олардың қабылдау қабілеті жылдам, қысқа-қысқа видеоларды көп қарайды. Біз баланың зейіні де өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан шектеу оған жақсы әсер етеді», — деді министр.
Заң жобасы Құрылтайдың қарауына енгізіледі. «Біз үкіметтің қорытындысын әзірлеп енгіздік. Оны Құрылтай депутаттарымен бірлесіп қарастыратын боламыз», — деп атап көрсетті Сүлейменова.
Бұған дейін Тоқаев Құрылтайға балалардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салуды қарастыруды ұсынған еді.
