15 қазанда әлемде бірнеше маңызды халықаралық күн аталып өтеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүкіләлемдік қол жуу күні

Бүгін – Бүкіләлемдік қол жуу күні. Қол жуу-жумау әр адамның жеке шаруасы, оның тазалығы мен тәрбиесіне байланысты екені рас. Десек те, БҰҰ мен Дүнижүзілік денсаулық сақтау сарапшылары атап өткендей, қол жумау проблемасын әлемдік ауқымда қарастыратын болсақ, мұның салдары өте ауыр.

Қолдың кірі арқылы тырысқақ, вирусты пневмония, гепатит, тұмау және ЖРВИ секілді қатерлі аурулардың қоздырғыштары адам ағзасына түседі. Азия мен Африкада балалардың басым бөлігі қолды жумай тамақ ішкеннен көз жұмады екен. ЮНИСЕФ ақпаратынша, күн сайын бес мың бала диареядан өледі. Себебі балалар тамақ ішер алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолдарын мүлде жумайтын көрінеді.

Ақ таяқ күні

15 қазан, сондай-ақ, "Ақ таяқ" күні ретінде танымал. Бұл дата адамдарға қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар да өмір сүретінін еске салады. Ақ таяқтың пайда болу тарихы бар. 1921 жылы Бристольдің жас фотографы жазатайым оқиғадан кейін көру мүмкіндігінен айырылады. Алайда ер адам үмітін үзбейді, таяқтың көмегімен өз бетінше қалада жүріп-тұруды үйренуге бел буады. Бірақ көп ұзамай ол көшедегі адамдар оның қара таяғына назар аудармайтынын түсінеді. Осыдан кейін ол өзінің "көмекшісін" ақ түске бояуды өтінеді. Фотографтың бұл ойы өзіне ғана емес, бүкіл Еуропа, Америка мүгедектеріне көмектесті.

Сонымен қатар бүгін Халықаралық ауыл әйелдері күні аталып өтеді.

15 қазанда әлемде болған тарихи оқиғалар

  • 011888 жылы Вологдада алғашқы ресейлік ломбард ашылды;
  • 021940 жылы Чарли Чаплиннің "Ұлы диктатор" фильмі кинотеатрларда көрсетіле бастады;
  • 031981 жылы АҚШ-та Metalica хеви-метал тобының негізі қаланды;
  • 042000 жылы Париждегі Монмартрде "Махаббат қабырғасы" ашылды. Онда "Мен сені сүйемін" деген жазба 311 тілде жазылған.

15 қазанда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

  • 011961 жылы Целиноград қаласында (қазіргі Астана) Тың игерушілер сарайының құрылысы басталды;
  • 021999 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында Қарасай мен Ағынтай батырларға мемориалдық кешен орнатылды;
  • 032005 жылы Қазақстанның ұлттық банкі БҰҰ-ның 60 жылдығы құрметіне мерейтойлық монетаны айналымға шығарды. БҰҰ күні жыл сайын 24 қазанда аталып өтеді;
  • 042009 жылы Парижде ЮНЕСКО Бас конференциясының 35-ші сессиясында Қазақстан Азия-Тынық мұхиты өңірінен ЮНЕСКО атқарушы кеңесінің құрамына 4 жылдық кезеңге сайланды.

15 қазанда әлемде туған танымал тұлғалар

  • 011814 жылы орыс ақыны, прозашы, драматург Михаил Лермонтов дүниеге келді;
  • 021844 жылы неміс ойшылы, классикалық филолог, композитор, ақын Фридрих Ницше өмірге келді;
  • 031950 жылы кеңестік және беларусьтік музыкант, "Песняры" ВАА солисі Анатолий Кашепаров туды. Беларусь КСР-дің еңбек сіңірген әртісі (1979).

15 қазанда Қазақстанда кімдер туды

  • 011894 жылы ақын, жазушы, драматург, мемлекеттік қайраткер Сәкен Сейфуллин дүниеге келді;
  • 021905 жылы ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Әбу Сәрсенбаев өмірге келді;
  • 031910 жылы көрнекті қазақ ғалымы, ҚҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ысқақ Дүйсенбаев туды;
  • 041913 жылы әртіс, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалкен Әділшінов өмірге келді;
  • 051916 жылы әнші, әртіс, Қазақ КСР халық әртісі Рахия Қойшыбаева туды;
  • 061928 жылы Қазақстанның халық суретшісі, кескіндемеші, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Камил Шаяхметов өмірге келді;
  • 071936 жылы жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының лауреаты Сайын Мұратбеков дүниеге келді;
  • 081939 жылы әртіс, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Жақып Омаров туды;
  • 091942 жылы балалар хирургы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Дүйсекеев дүниеге келді.