14 қазанда әлемде және Қазақстанда бірқатар мереке мен тарихи оқиға атап өтіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін қонжық Винни-Пухтің туған күні. Өйткені 1926 жылы дәл осы күні Кристофер Робин Милннің сүйкімді серігі туралы алғашқы кітап жарыққа шыққан еді. Кейбірі шығарма кейіпкерінің туған күнін 1921 жылдың 21 тамызы деп санайды. Бұл күні Лондон драматургі Алан Милн сүйікті ұлына жұмсақ ойыншық қонжық сыйлаған екен. Кристофер оны Винни-Пух деп атап, сол сәттен бастап қонжық оның досына әрі серігіне айналады. Баласының ойыншық қонжығымен ойынын сырттай бақылап жүрген әке Винни-Пух туралы бірнеше кітап жазуға бел буады. Рождество қарсаңында, 1925 жылдың 24 желтоқсаны, Лондонның London Evening News газетінде шығарманың бірінші бөлімі жарияланады. Ал бір жылдан кейін жеке кітап болып басылады. Алан Милннің қонжық Винни-Пух туралы шығармасы көптің көңілінен шығып, оқырмандар оның жалғасын асыға күтеді. Шығарманың танымал болғаны соншалық, әлемнің 25 тіліне аударылды.
Сондай-ақ, бүгінгі күн Бүкіләлемдік батпырауықтар күні ретінде танымал. Бұл күні бүкіл әлемде адамдар батпырауықтарды аспанға ұшырып, мәре-сәре болады. Батпырауықтар туралы дерек алғаш рет көне қытай жазбаларында кездеседі. Беларусь халқы Ана күнін атап өтеді. Мереке әйелге деген зор құрметтен бастау алады.
14 қазанда әлемде болған тарихи оқиғалар: 1843 жылы Мендельсонның "Үйлену тойы маршы" алғаш рет орындалды; 1884 жылы америкалық өнертапқыш Джордж Истмен қағаз негізіндегі фотопленкаға АҚШ патентін алды. Бұл жаңалық фотосурет түсіру технологиясының дамуына ықпал етті; 1860 жылы Петербургте опералық Мариинский театры ашылды; 1912 жылы АҚШ-тың бұрынғы президенті Теодор Рузвельт Милуокиде сайлауалды сөз сөйлеп тұрған кезде оған оқ атылды. Жараланғанына қарамастан, ол сөзін жалғастырды; 1941 жылы алғаш рет "Ұмытпаймыз! Кешірмейміз!" ұраны жарияланды; 1943 жылы нацистік Германия басып алған Польша аумағындағы Собибор өлім лагерінде тұтқындар көтеріліс ұйымдастырды. Олар лагерь қызметкерлеріне қарсы шығып, шамамен 300 тұтқынның қашып шығуына мүмкіндік жасады; 1997 жылы Эрмитажда Рембрантдтың 12 жыл бойы реставрацияда жатқан "Даная" картинасы қайта қойылды. Психикалық ауытқушылығы бар адам картинаға қышқыл төгіп, оны әдейі бүлдірген еді.
14 қазанда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар: 1939 жылы Жамбыл облысы құрылды; 1946 жылы Қазақстан КП ОК жанында Республикалық партия мектебі ашылды. Бұл мектепте Қазақ КСР-нің барлық лауазымды тұлғалары оқып шықты; 1994 жылы Астанада ақын Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойына орай ескерткіш ашылды; 1994 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясына қол қойды; 2014 жылы Грекияда ақын, жазушы Сәкен Сейфуллинге қатысты 1930 жылдарда латын әліпбиінде жазылған құжаттар табылды.
14 қазанда әлемде туған танымал тұлғалар: 1890 жылы АҚШ-тың 34-президенті, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде одақтас әскерлердің жоғарғы қолбасшысы болған Дуайт Эйзенхауэр дүниеге келді; 1894 жылы америкалық ақын әрі жазушы Эдвард Эстлин Каммингс дүниеге келді. Ол поэзиядағы жаңашыл стилімен танылды; 1927 жылы британиялық киноәртіс, сценарийші, продюсер Роджер Мур дүниеге келді. Қалың көпшілікке Джеймс Бонд рөлін сомдауымен танымал; 1934 жылы кеңестік, ресейлік және израильдік актер, театр және кино режиссері Михаил Козаков өмірге келді. КСРО Мемлекеттік жүлдесінің лауреаты (1967); 1939 жылы америкалық сәнгер, Ralph Lauren сән үйінің негізін қалаушы Ральф Лорен дүниеге келді; 1963 жылы кеңестік және ресейлік суретші-модельер Валентин Юдашкин дүниеге келді. Ресейдің халық суретшісі (2005).
14 қазанда Қазақстанда кімдер туды: 1905 жылы халық ақыны, күйші, әнші Мұзарап Жүсіпов дүниеге келді; 1916 жылы ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хамит Ерғалиев өмірге келді; 1931 жылы ақын, аудармашы, редактор Шәміл Мұхамеджанов дүниеге келді; 1946 жылы ақын Айтуар Өтегенов туды; 1947 жылы мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин дүниеге келді. Ол әр жылдары Қазақстанның мұнай-газ саласында басшылық қызметтер атқарып, 2013–2014 жылдары мұнай және газ министрі болды; 1964 жылы жазушы-драматург Роза Мұқанова дүниеге келген; 1972 жылы мемлекет қайраткері Серікқали Брекешев дүниеге келді. Ол 2022 жылы Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарды; 1972 жылы мемлекет қайраткері Дархан Кәлетаев дүниеге келді. Ол әр жылдары Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде, соның ішінде министрлік қызметтерде жұмыс істеді.
