Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Маңғыстау облысында 13 жасар баланың көз жұмуына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен Ақтау қаласының №2 қалалық емханасында медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету кезінде өрескел заң бұзушылықтар анықталған.
Тексеру қорытындысы
Тексеру қорытындысы бойынша облыстық балалар ауруханасының директоры атқарып отырған қызметінен босатылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс материалдары сотқа жіберілді, деп жазды Әлназарова желідегі парақшасында.
Министрдің мәлімдемесі
Ол көз жұмған баланың анасын Астанада қабылдайтынын атап өтті. «Бұл – отбасы үшін орны толмас қасірет. Кінәлілер әділ жазасын алады», - деп түйіндеді министр.
Оқиғаның мән-жайы
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтау тұрғыны 13 жастағы ұлының дер кезінде диагноз қойылмауы салдарынан көз жұмғанын айтып, істің әділ тергелуін талап еткен болатын.
