24 маусым мен 1 шілде аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 99,9% болды, деп хабарлады Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен аптада 7 тауардың бағасы төмендеді: қызанақ 8,5%-ға, қияр 8,3%-ға, жұмыртқа 1,5%-ға, алма 1,1%-ға, жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған балық 0,4%-ға, күнбағыс майы 0,2%-ға, айран 0,1%-ға арзандады. Ал күріш, нан және сүттің баға индексі тұрақты. 21 тауар бағасы шамалы өсті. "Қырыққабат 7,9%-ға, пияз бен картоп 1,9%-ға, қант 1,6%-ға қымбаттады. Қалған тауарлар бойынша өсім 1%-дан төмен болды", - деп жазылған хабарламада.
Өткен аптада баға төрт өңірде, атап айтқанда: Ақмола облысында 0,2%, Атырау, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 0,1% өскен. Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды және Жамбыл облыстарында баға индексі тұрақты. "Баға 12 өңірде төмендеді. Оның ішінде Қызылорда облысында 0,9%, Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай және Түркістан облыстарында 0,3%, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 0,2%, сондай-ақ Шымкент қаласында, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында 0,1%", - дейді ведомство.
Жыл басынан бері өнімсіз делдалдарды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың 581 отырысы өткізілді, сауда үстемесінің шекті мөлшерін асырғаны үшін 2 434 әкімшілік қаулы шығарылды. "KTZ Express" АҚ арқылы ішкі нарыққа шамамен 28,9 мың тонна картоп, 8,6 мың тонна сәбіз, 4,7 мың тонна пияз және 0,2 мың тонна қырыққабат жеткізілді.
