Қазақстанда атбегілер мен шабандоздар арасында 10 жастағы Санжар Өмекейді бәрі біледі. Мектеп оқушысы осы уақытқа дейін талай бәйгеде топ жарған, мініп кеткен көліктері де аз емес. Ал Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екі бірдей медаль жеңіп алып, халық ішінде кеңінен танылды. Сол үшін президенттің қолынан алғыс хат та алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бірақ осы жетістіктердің бәрі – тынымсыз еңбек пен темірдей тәртіптің нәтижесі. Sputnik Қазақстан тілшісі атбегілер отбасына хабарласып, чемпиондардың қалай дайындалатынын білді.
Ағайынды атбегілер
Санжар – үйдің үшінші баласы. Санжардан кейін тағы бір ұл – Қамбар өсіп келеді. Балалардың әкесі Берік Арықбаев та бала кезінде талай рет бәйгеге қатысқан.
«Мен өзім Дегерес ауылында бірінші сыныптан бастап Оңласын деген ақсақалдың атымен бәйгеге шаптым. 8 жылдай бәйгеге қатыстым. Жамбыл ауданында өзіміздің кішігірім ат қорамыз бар. Сол жерде ат дайындаймыз», – дейді чемпионның 43 жастағы әкесі.
Беріктің туған інісі – Мұрат Арықбаев та ат жаратады. Оның «Нұршашу» деген атымен Санжар VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында құнан бәйгеде топ жарып, алтыннан алқа таққан болатын.
«Қолын сындырған, басын да жарған»
Санжар екі жасынан бастап әкесінің жанында жүрген. Ал 3-4 жастан бастап атқа өзі мініп кетті.
«Негізі, әке-шешесі қорқып тұрса, бала шаба алмайды. Санжар 6 жасында аттан құлап, қолын сындырған. Қазір бір күнде 30-45 шақырымға дейін шауып жүреді», – деді Берік Арықбаев.
Санжардың бәйгеге шапқанына көп болмаса да, ұтқан көліктері аз емес. Былтыр «Ақбидай» республикалық ауыл спорты ойындарында бір алтын мен бір күміс ұтқан. Биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына барып, бір алтын мен бір күміс жеңіп қайтты.
Чемпиондар қалай дайындалады
Шабандоздың уақыты тығыз. Ала жаздай атқа мінеді, ойынға да қол тимейді.
«Бұлар жазда басқа балалар сияқты демалып жүрмейді. Азанда сағат үш-төртте атқа мінеді, содан кешкі сағат 8-дің кезінде келіп, аттан түседі ғой. Аттардың үстін екі-үш рет тазалайды, шомылдырады, астын да бірнеше рет жинайды. Былайша айтқанда, «төсек-орнын» екі рет ауыстырып тұрамыз ғой (күлді). Бұның бәрін істемеген бала чемпион бола алмайды ғой», – деп атап көрсетті Берік Арықбаев.
Санжар таңертеңгі дайындық кезінде 10 шақырымға дейін шауып келеді. Бірақ оған дейін жаттығу жасаған аттың терін кептіріп, тұяқтарын жуу керек. Содан кейін ғана екінші айналымға шығуға болады.
«Мен бас кезінде қиналдым. Мақсатым – Қазақстанды дүниежүзіне таныту. Соған күш саламын», – дейді Санжардың өзі.
Бәйге сабаққа кедергі емес пе
Қазіргі кезде Санжар Ұзынағаштағы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы орта мектебінде оқиды. Отбасының ат қорасы алыс емес, ауылдан 10-15 шақырым жерде орналасқан.
«Біз оны мектепке апарамыз, шыққаннан кейін бірден алып кетеміз. Жарыс кезінде ғана сабақтан бір-екі күнге босатады. Жалпы, сабақ үлгерімі жақсы, 4 пен 5-ке оқып жүр. Мен өзім сабағына да қатаң қараймын», – дейді Арықбаев.
Шабандоздың табысы көп пе
Бұған дейін Санжар бірнеше жарыста көлік ұтып алған. Ал Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында оған 1 миллион сомның куәлігі де табысталған болатын.
«Біздікімен 5,5 миллион теңге ғой. Ол ақшаның 10 проценті – Санжардың еңбекақысы», – деп қорытындылады әкесі.
